Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Азия даму банкі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Азия даму банкі Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Құжатқа министр Нұржан Нұржігітов пен АДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Утсав Кумар қол қойды.
Меморандум су саласына инвестициялар тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және салу, АДБ қолдауымен іске асырылуы мүмкін басым жобалар тізімін қалыптастыру, кадрларды оқыту, тәжірибе алмасу және техникалық қолдау арқылы институционалдық әлеуетті арттыру бағыттарында екіжақты ынтымақтастықты көздейді. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру және олардың орындалуын қадағалау үшін үйлестіру орталықтарын құру қарастырылған.
Кездесу барысында тараптар мұздықтарды сақтау және олардың еруіне төзімділікті күшейтуге бағытталған АДБ-ның «Мұздықтардан фермаларға» халықаралық бағдарламасына Қазақстанның қатысуын талқылады. Бағдарлама аясында ирригациялық желілерді жаңғырту жоспарланған.
Министр Нұржан Нұржігітов ведомствоның су саласын дамытуға инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Ол барлық стратегиялық шешімдер Қазақстанда қабылданатынын және су ресурстарын не нысандарын шетел мемлекеттерінің қарауына беру мәселесі ешқашан қаралмағанын айтты. Басты міндет – азаматтардың мүддесін қорғау және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.