Новости KZ

Қазақстанда су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасы әзірленеді

Фото: gov.kz

«Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.

Президент соңғы екі жылда сала үшін институционалдық негіз қаланғанын еске салды: «Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр, оларды жүйелі әрі жан-жақты атқару қажет. Сонымен қатар кәсіби кадрларды дайындау, су дипломатиясы бойынша мамандарды әзірлеу маңызды».

Мемлекет басшысы қазіргі проблемаларға тоқталды: «Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдардағы судың 50–60 пайызы далаға кетуде. Суды есепке алу технологиясы ескірген, су алу орындарында заманауи құрылғылар жоқ».

«Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғырудың басты бағыттарының бірі болуы тиіс. Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Платформа жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәліметті жинақтап, гидрогеологиялық мониторинг мәселесін толық шешеді», – деді Президент.

Бұл жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастырумен қатар жүруі тиіс. Тоқаевтың айтуынша, онсыз салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес.

Барлық осы бастамалар мен жаңа технологиялар 2026 жылғы 1–3 сәуір аралығында Астанада өтетін SU ARNASY - Water Expo су индустриясына арналған жабдықтар мен технологиялардың XV Халықаралық көрмесінің іскерлік бағдарламасында таныстырылып талқыланады. Cтендті осы сілтеме арқылы брондауға болады.

Толық мәтінді 2025 жылғы Президент Жолдауын Ақорданың ресми сайтынан көруге болады.